Президент елордадағы әлеуметтік нысандарды аралап көру барысында отбасылық SANA Sport орталығында болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұнда спорт, шығармашылық, білім бағыттары бойынша 29 үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ 29 жаттықтырушы және 25 жоғары білікті педагог еңбек етеді.
Мемлекет басшысына "Damu Development Group" консорциумы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар жөнінде мәлімет беріліп, SANA Sport кешені аумағындағы саябақты қайта жаңғырту жоспары таныстырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы спорт залдарын, шығармашылық үйірме бөлмелері мен оқу кабинеттерін аралап көрді.
Үйірмеге шеберлік дәрісін өткізуге келген шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Айару Алтынбекке сыйлық табыстап, сәттілік тіледі. Жас шахматшы бұған дейін Президентке хат жазып, кездесу жайында өтінішін жеткізген еді. Бүгін жүздесудің сәті түсті.
Кешенде 4 мыңнан астам баланың қосымша білім алуына жағдай жасалған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жеткіншектердің үйірмелерге қатысуына "Мереке" қайырымдылық қоры қолдау көрсетеді.