Мемлекет басшысы Сербия Премьер-министрімен кездесті

160

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Республикасының Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Сербия Премьер-министрімен кездесті Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Президент Александр Вучичпен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтті.

– Сербиямен берік достыққа және өзара түсіністікке негізделген ұзақ жылғы серіктестігіміз бен көпжақты байланысымызды жоғары бағалаймыз. Бүгін ғарыш, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Түрлі деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен экономикалық өзара ықпалдастық біздің түпкі мүддемізге сай келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия үкіметтерін қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесе әрекет етуге шақырды.

Атап айтқанда, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретін ірі жобаларды нақтылау қажет екенін айтты.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмысына зор үміт артатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне Қазақстан Үкіметі толығымен қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу