Президентке министрліктің биылғы атқарған жұмыстарының қорытындылары және Жолдауда айтылған мәселелердің жүзеге асырылу барысы туралы есеп берілді. Атап айтқанда, жаңа жылдан бастап төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеге дейін жеткені және тағы 591 мың азаматтық қызметкердің жалақысы өсетіні жөнінде айтылды.
Сонымен қатар министр жұмыссыздықпен күрес бағытына да тоқталды. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр.
Серік Шәпкенов жұмыспен қамту орталықтарын цифрландыру бойынша мәлімет берді.
Оның айтуынша, жұмыс іздеген азаматтардың 33 пайызы онлайн қызмет түрін пайдаланған, 26 мың жәрдемақы электронды түрде рәсімделген. Сондай-ақ биыл 988,8 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысына министрліктің алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы баяндалды. Соның ішінде Серік Шәпкенов Әлеуметтік кодекс әзірлеу, зейнетақы жүйесін жаңғырту, кәсіби біліктілікті арттыру туралы заң жобасын және 2022-2026 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын дайындау сияқты негізгі төрт бағытты атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.