Мемлекет басшысы Шымкент әкіміне "қорқудың қажеті жоқтығын" айтты

Мемлекеттік органдардың заңды әрекеті де қоғам тарапынан сынға ұшырап жатыр.

Мемлекет басшысы Шымкент әкіміне "қорқудың қажеті жоқтығын" айтты Фото: Ақорда

Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мемлекет басшысы жиында Шымкент қаласындағы заңсыз салынып кеткен құрылыстарды сүру жұмыстарына қатысты өз пікірін білдірген. 

– Шымкентте жер телімдеріне қатысты өткір мәселе шешілмей тұр. Заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан былтырдан бастап заңсыз салынған нысандар сүріле бастады. Мемлекеттік органдардың мұндай әрекеті сынға ұшырап жатыр. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, әкімдік заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Алайда халықпен пікір алмасуды жалғастыру қажет. Яғни, түсіндіру жұмысын тоқтатпау керек, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы сөз арасында елде өзін қоғам белсендісі санайтын топтар көбейгенін жеткізді. 

– Олар көп жағдайда әлеуметтік желіні пайдаланып, биліктің түпкі мәні дұрыс, бірақ бәріне бірдей ұнай бермейтін шешімдері туралы орынсыз дау көтеріп, елді дүрліктіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондықтан да барлық шешімді тұрғындарға мұқият түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Әрі бұл мәселенің тек Шымкент қаласына ғана қатысты емес екенін еске салған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу