Мемлекет басшысы спорт федерацияларының қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды

154

Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек. 

Мемлекет басшысы спорт федерацияларының қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды Фото: Ақорда

Президент жас спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру өте маңызды деп санайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек. Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыстарда әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеп, заманауи әдістемелер негізінде бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Спортшыларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге федерациялар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанына жиі шағым түседі. Бүкіл әлем спорт медицинасы кәсіби даярлықтың ажырамас бөлігі екенін мойындап отыр. Бұл – жоғары технологиялық сала. Инновациясыз, озық ғылыми ізденіссіз және жоғары білікті мамандарсыз іс өнбейді. Мемлекет қажет ресурсты бөліп отыр. Демеушілерден де қыруар қаржы түседі. Федерациялар соны мақсатқа сай жұмсауға тиіс. Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу