Мемлекет басшысына еліміздегі ахуалды тұрақтандыру үшін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды. Әсіресе қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қайта қалпына келтіруге, азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге баса мән берілді.
Баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласындағы күштік құрылымдар мен өкілетті органдар күш-жігерлерін үйлестіріп, жұртшылық тарапынан түсетін сауалдарға жедел жауап беруге тиіс екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы тұрғындардың қазасына қатысты мәселе бойынша Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне әрбір жағдайды мұқият тергеп-тексеру жөнінде тапсырма берді.
"Жұртшылықтың болған оқиғалар жөнінде долбар мен қауесетке негізделген пікір қалыптастыруына жол беруге болмайды. Азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырғанын көруге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Әкімшілігінің басшылығына аталған мәселені бақылауға алу тапсырылды.