Мемлекет басшысы түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынып, ауыл шаруашылығына да инвестиция құю маңызды екенін атап өтті.
"Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жобаларды барынша қолдауға дайынбыз. Қазақстан жан басына шаққандағы егіс алқабы бойынша әлемде екінші орында, ал жайылымдық жердің аумағы бойынша бесінші орында. Еліміз астық пен ұн өндірісін өркендеткен әлемдегі ең үздік 10 мемлекеттің қатарында. Біз дәстүрлі дәнді дақылдардан бөлек 1 млн тоннадан аса майлы дақыл экспорттадық. Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын, ал биыл екі айда 8 мың тоннасын, яғни жылдағыдан 6 есе көп алды. Біз Қазақстанда зығыр және басқа да майлы дақылдарды өңдейтін бірлескен өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы бизнес өкілдерінің басқосуында.