Мемлекет басшысы Үкіметке ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жәрдемақысын көбейтуді тапсырды

648

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде айтты. 

Мемлекет басшысы Үкіметке ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жәрдемақысын көбейтуді тапсырды Фото: kaz.tengrinews.kz

Президент ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жәрдемақысы орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын", - деді ол.

Мемлекет басшысы мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет екенін баса айтты.

"Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс. Дегенмен, кез-келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе", - деді Президент.

Оның айтуынша, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөліну қажет.

"Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын-алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, осыған дейін Мемлекет басшысы Парламенттің бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу