Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жыл басынан бері атқарған жұмысының нәтижелері, ведомствоны реформалау барысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
Ол ұлттық қауіпсіздікке төнетін қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты ҰҚК қызметін жетілдіру шаралары, соның ішінде нормативтік-құқықтық базаны дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, озық ақпараттық технологияларды енгізу және қызметтік процестерді бюрократиядан арылту жайында баяндады.
Сондай-ақ елімізде террористік және экстремистік әрекеттерге жол бермеу жұмыстарының күшейтілгені жөнінде айтты.
Жыл басынан бері ҰҚК материалдары бойынша терроризм мен экстремизмге қатысы болғаны үшін 25 адам сотталған, сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тағы 13 адам ұсталған.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 6 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған және 35 адам тұтқындалған.
Заңсыз айналымнан 148 қару, қолдан жасалған 5 жарылғыш құрал, 32 граната және 4431 оқ-дәрі тәркіленген.
есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 16 операция жүргізілген. Есірткі тасымалдайтын 18 халықаралық және 9 өңірлік арна, сондай-ақ 10 есірткі зертханасы жойылған.
800 келіден астам есірткі және психотроптық заттар, 14 тонна химиялық реагенттер мен көкнәр шикізаты тәркіленген.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде мемлекетке 707 миллиард теңгеден астам сома залал келтіруге жол берілмеген және бюджетке 1,2 миллиард теңге қайтарылған.
Мемлекеттік шекараны бұзған 7 мыңнан астам адам ұсталған.
Шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдауға қатысты 395 әрекеттің жолы кесілген.
Сондай-ақ 3,2 миллиард теңге көлеміндегі валютаны және құны 7,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылған;
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жасалған 50,3 миллион кибер және 819 DDoS-шабуылға тойтарыс берілгені туралы баяндады.
Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының қызмет бағыттарына қатысты бірқатар тапсырма берді.