Мемлекет басшысы Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты

573

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Президентке облыстың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz БОРТ№1 телеграм-каналына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты

Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өтілді.

Берік Әбдіғали экономиканы әртараптандыру ісін жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталатынын, ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталатынын жеткізді. Өңір әкімінің деректеріне сәйкес облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген. Қазір тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған.

Сонымен қатар 2022-2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған. Берік Әбдіғали Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет екенін жеткізді. Жезқазған қаласының және Ұлытау облысының жағдайымен танысқан Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.

Бұдан кейін "Қазақмыс компаниясы" ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай кәсіпорынды және өңірді дамыту жөнінде баяндама жасады. Компания Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан "Қазақмыс" биыл 25,4 миллиард теңге бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының жеткіліксіз болатынын айтып, бөлінетін қаржыны көбейту туралы ұсынысын жеткізді. 

Компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін баяндады.

Атап айтқанда, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі де қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев спорт нысанын салғанда әртүрлі спортты қамтитын көпфункциялды етіп салу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғын үйлер құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу