Мемлекет басшысы Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының жаңа басшысын қабылдады

561

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысын Роберт Флойдты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілетеме жасап.  

Мемлекет басшысы Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының жаңа басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы австралиялық маманды Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы болып сайлануымен құттықтап, аталған ұйымның жұмысы Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. 

– Сіз осы саладағы тәжірибелі, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша танымал сарапшысыз. Біз сіздермен тығыз жұмыс істеуге бейілдіміз. Қазақстан бұл ұйымның жақын әрі сенімді серіктесі болып қала береді. Менің Әкімшілігім мен Үкімет Ұйымның жұмысын күшейту мақсатымен тығыз әрі тұрақты байланысып тұрады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Флойдтың Қазақстанға сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын Семей полигоны жабылған болатын. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Женевадағы жұмысының тәжірибесімен бөліскен Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастыққа ядролық қаруды таратпау және қарусыздану туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды деді.

Роберт Флойд Мемлекет басшысының көрсеткен құрметіне ризашылығын білдірді.

– Ұйымның дайындық комиссиясының хатшысы болып сайланғаннан кейін мен кездескен алғашқы Мемлекет басшысы – Қазақстанның Президенті болуының символдық мәні бар. Сондықтан бұл – мен үшін ерекше күн, – деді дипломат. 

Роберт Флойд Семей полигонының аумағы мен Курчатовтағы ҚР Ұлттық ядролық орталығынан алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ жұмысының басым бағыттары, соның ішінде жастар мен ұйымның көрнекті қайраткерлерінің жұмыстарын ілгерілету туралы айтты.

Кездесу соңында тараптардың Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілету мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайын екендері айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу