Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды

150

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды Фото: Ақорда

– Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы Зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синергияға мысал бола алады, – деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Президент мәдениет күндерін өткізу, шығармашылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелерін қозғады.

Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді

– Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу