Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері жөнінде ақпарат алды.
Президент Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімованы, Комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Эльвира Әзімова осыған дейін өткен отырыстарда жүргізілген кең ауқымды талқылаулардың нәтижесінде Конституцияның түбегейлі жаңа мәтіні әзірленгенін баяндады.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа преамбуланың, сондай-ақ бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді жаңғыртуға, саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Осыған байланысты комиссия мүшелері аталған жобаны Конституцияның жаңа нұсқасы ретінде қарастырып, оны халықтың назарына ұсыну үшін жариялау қажет екенін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның ауқымды әрі мазмұнды жұмыс атқарғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Конституцияның жаңа редакциясын қоғамдық талқылауға шығару маңызды екенін айтты.
Кездесу соңында Президент жаңа Ата заң бойынша түпкілікті шешімді қазақстандықтар республикалық референдумда қабылдайтынын тағы да атап өтті.