Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысудан басталды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл нысанның жалпы аумағы 1048 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Президент еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көрді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы спорт кешенінде жас спортшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды.
"Спорт адамның көзқарасын түзейді. Әсіресе, жастарға күш-жігер береді", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті футболға қолдау көрсетілетініне тоқталып, аталған спорт түрінің болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.