Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоған өз құттықтауында көктемнің жаршысы – Наурыз Орталық Азиядан Балқанға дейінгі алып кеңістікте тойланатын ортақ дәстүр мен молшылық мейрамы екенін атап өткен.
– Осы ортақ дәстүрімізді сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде тойланатын Наурыз мерекесі – достығымыз бен бауырластығымыздың жарқын көрінісі, – деп жазылған Түркия Президентінің жеделхатында.
Татарстан Райсы Рустам Минниханов та бауырлас татар халқының атынан жүрекжарды тілегін жолдаған.
– Ежелден келе жатқан әрі ешқашан ескірмейтін, сондай-ақ өзіне тән жаңару рухын, жасампаздық қуаты мен қуанышын ала келетін Наурыз мерекесі қазақ-татар халықтарының дамуына, өзара ынтымақтастығының кеңеюіне жол ашсын деп тілеймін, – деп жазылған жеделхатта.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин өз құттықтауында Наурыз мерекесінде дәріптелетін татулық, табиғатпен етене жақындық және адамдар арасындағы сыйластық күллі адамзат баласының құндылығы екенін айтқан.
– Наурыз ШЫҰ-ға мүше елдер мен халықтардың мәдени әралуандығын сақтауда және олардың тату көршілік қарым-қатынасын, достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді атсалысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Наурыз халықаралық күні туралы қарар қабылдағанын айрықша атап өткім келеді. Бұл осы мейрамның жаһандық деңгейдегі маңыздылығын білдіреді, – деп жазған ұйымның бас хатшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысын Наурыз мерекесімен Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде құттықтады.