Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Лэ Юйчэнмен кездесті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Тараптар екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен келешектерін, сондай-ақ жоғары және биік деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бағыттарын талқылады.
Ерекше назар биылғы қыркүйек айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне аударылды. Өз кезегінде, қытайлық дипломат Мемлекет басшысының Қазақстан-Қытай қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Сондай-ақ, биылғы жылдың екінші жартысында өткізілуі жоспарланған көпжақты халықаралық іс-шаралар күнтізбесі мен өзара сапарлар кестесі талқыланды.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жан-жақты стратегиялық әріптестігінің оң серпінін сақтау мақсатында саяси, парламентаралық, партияаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық тұрақты байланыстарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.