Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми жобалар бойынша міндеттемелер келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап есептелетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, саланы қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз деп айтқан болатын.
"Мемлекет басшысының сыны орынды. Жобаларды сараптау, іріктеу рәсімдері, ғылыми жаңалығы бар негізделген жобалардың қаржыландыру кезеңіне дейін жетуін қамтамасыз ететін сүзгілер толық жұмыс істемей жатқанымен байланысты тұстар бар. Сол себепті қазір бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
2023 жылдан бері министрлік, Ғылым қоры және басқа да салалық ұйымдар Бас прокуратураның талдауын қоса алғанда, 15 тексерістен өткен. Барлық кемшіліктер жұмыс жоспарларына енгізілген.
"2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірге сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Нәтижесінде 1 344 тармақ бойынша жеке жоспар жасалды. Қазір қажетті заңнамалық өзгерістердің бәрі Мәжіліске енгізілді. Түзетулердің жеке топтамасы "Ғылым туралы" заңға қатысты. Бірінші оқылымнан өттік", – деді министр.
Оның сөзінше, ғылыми қауымдастық конкурс рәсімдерінің ұзақтығы мәселеаіне шағымданады.
"Біз ғалымдардың уақытын жоғалтып жатырмыз. Жоба бойынша міндеттемелер келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап есептеледі. Егер ғылыми жобаны іске асыру туралы келісімшарт қазан айында жасалса, онда 36 айлық мерзім сол күннен бастап саналады. Мұндай жүйелі өзгерістер көп мәселені шешуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ведомство басшысы.