"Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап келеді"

883

Былтыр МӘМС жүйесіне 550 млрд теңге аударылды. Бұл қаржының барлығы қазақстандықтардың қалтасынан төленген жоқ. Қомақты соманың 54%-ын мемлекет өтеген.  

"Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап келеді"

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорға түскен қаржыға қатысты есеп берді. 2020 жылы медициналық сақтандыру қорына жарна мен аударым түрінде 550 млрд теңге түскенін хабарлаған ол, кімнің қанша аударғанын асықпай түсіндірді. 

"Қаржының ең көп мөлшері жеңілдігі бар санаттағы азаматтар үшін аударылған мемлекет жарнасы есебінен жүзеге асырылды. Оның көлемі – 297,6 млрд теңге, бұл барлық аударымның 54%-ы. Осылайша, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін сақтап келеді. Жұмыс берушілердің жұмысшылары үшін аударымы 162,6 млрд теңгені құрады, ол қорға түскен қаржының 30% үлесі. Ал жеке тұлғалардың аударымдары 16%-ға жетті", - дейді Болат Төкежанов.

Оның айтуынша, сақтандырудан түсетін барлық қаражат тұрғындарға медициналық көмек ақысын төлеуге бағытталған.

"Өткен жылы қордың медициналық қызметтерін сатып алу жоспары 1 807 млрд теңге болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыру – 1,2 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – 569 млрд теңгеге жетті. Қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы халыққа медициналық көмек көлемін көбейтуге мүмкіндік туды. Бұрынғыдай амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыруға басымдық беріледі", - деді қордың басшысы.

Жалпы Болат Төкежановтың есебіне сүйенсек, 2020 жылы амбулаториялық деңгейде халыққа 215 млн-ға жуық қызмет көрсетілген. Оның 110 млн-ы мамандардың науқастарды қабылдауы. Амбулаторлық стационарлардың күндізгі бөлімінде 1 млн-нан астам адам, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 2,7 млн-ға жуық науқас ем қабылдаған.

"Атап айтсақ 33 млн қызмет бейінді мамандардың қабылдауы, 65 млн зертханалық диагностика, шамамен 28 млн ем шаралары, 11 млн диагностикалық қызмет, оның ішінде 454 мың КТ / МРТ, 2,8 млн УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностикасы кіреді. Емханалар арқылы көрсетілген барлық кеңес беру-диагностикалық қызметтің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен өтелді", - деді Болат Төкежанов.

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу