Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер олигархтарға таратылып жатыр - Б.Базарбек

485

Дұрыстап жұмыс істемесеңдер министрмен қосып қуып шығамыз.

Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер олигархтарға таратылып жатыр - Б.Базарбек Фото: baq.kz

Мемлекетке қайтарылған жерлер олигархтар мен қалталы азаматтарға таратылып жатыр. Бүгін Мәжілісте өткен ашық форматтағы жиында Бақытжан Базарбек осылай деді. Депутаттың айтуынша, "Жер аманаты" бағдарламасы аясында 8,5 млн гектар жайылымдық жер қайтарылған, бірақ оның қызығын көріп жатқан қарапайым халық жоқ. 

Бүгінгі мәжілістегі жиынның форматы өзгеше. Депутаттар сауал жолдап, бірден министрдің жауабын алды. Мұндай отырыс екінші мәрте өткізіліп тұр. Жазғы каникулда ел аралаған мәжілісмендер көптің көкейіндегі сұрақтарын қарша боратты. 

Көңілді басталған жиынды депутат Базарбектің жемқор әкімдер туралы сауалы бұзды. Мәжілісмен мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерге есеп жүргізілмейтінін айтып, Ауыл шаруашылығы вице-министріне сұрақ жолдады. Ал шенеунік бұзушылықтардың барын бірден мойындады.

"Орталық аппарат қайтарғанымен жерді бөлу рәсімі жергілікті атқарушы орган әкімдіктердің қолында. Былтырғы жылы осы 8,6 миллион қайтарылған жердің 2,2 миллионы қайтадан бөлініп берілген. Бірақ бір айта кетерлік жайт, 1,6 млн гектары елді мекеннің жайылым жерін кеңейтуге берілген. Ішінде бұзушылықпен берілгендері бар. Ол үшін заңнаманы жетілдіру керек", – деді ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек. 

Өз кезегінде депутат Бақытжан Базарбек дұрыстап жұмыс істемесеңдер қуып шығамыз деп қатты айтты.

"Тиісті фамилияларын беріңіз, біз жауапкершілікке тартамыз. Ал егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса қуып шығамыз. Біз аямаймыз. Бірінші кезекте жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету керек халықты", – деді депутат.

Осы жерде  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов сөзге араласып, депутаттық этика деген барын айтып, депутаттан агрессиясыз сөйлеуін ескертті.

Қошановқа осылайша Үкіметтен келгендерге араша түсіп отыруға тура келді. Өйткені, кабминнің ісіне көңілі толмай сауал қоюға ұмтылған  депутаттар көп. Төраға алдында айтуға батпағандар сыртқа шығып министрлерге мінездеме берді. 

"Министрлер қазір жақсы жауап беруді үйреніп алған. Бірақ министрлердің білімі бар шығар, бірақ мінез жетіспей жатқанын көреміз. Айтарым осы", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Жалпы жаңа форматтағы бетпе-бет өткен жиын біраз мәселенің басын қайырды. Отырыста бірден үш депутат еліміздегі жылу электростанцияларының бүгінгі ахуалын тілге тиек етті. 

Депутат Ерлан Саиров өңірлерде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған станцияларға алаңдаушылық білдірсе, Еділ Жаңбыршин жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 4,39 млрд, жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген МАЭК-тің жағдайын сұрады. Ал министр Сәтқалиев кеше қосылған жылыту маусымы басталғанша сақадай сай боламыз деп сөзден жаңылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу