Мұнай мен металға тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, машина жасау мен химия саласын дамыту әркез маңызды саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл үшін жаңа өндірістер ашып қана қоймай, инвестиция тарту, кәсіпкерлерге жағдай жасау және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру қажет екені белгілі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазанында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,32 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға артық. Қаражаттың 40,1%-ы өнеркәсіпке, 18,8%-ы көлік және қоймалау саласына, 18,4%-ы жылжымайтын мүлікпен операцияларға бағытталған. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,9%, тау-кен өндірісінің үлесі 13,3% болды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция бір жылда 39%-ға өскен.
Бұл көрсеткіштер шикізаттық емес сектордың да дамып келе жатқанын аңғартса керек-ті. Дегенімен, экономиканы әртараптандыру үшін шикізатты сыртқа сатумен шектелмей, ел ішінде дайын өнім өндіру маңызды. Мәселен, астықты тек шикізат ретінде экспорттамай, одан ұн, макарон және басқа да өнімдер шығару қосылған құнды арттырады. Мұнай-химия, металл өңдеу және машина жасау салаларында да осындай мүмкіндік бар.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан 15,2 млрд доллардың өңделген тауарын экспорттаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 17,6%-ға көп. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, алғашқы сегіз айда өңделген агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 3,04 млрд долларға жетіп, бір жылда 35,1%-ға өскен. Мұндай нәтиже отандық өндірістің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Әрине, жаңа өндіріс ашу үшін кәсіпкерге тек нарықтағы сұраныс жеткіліксіз. Қомақты қаржы, қолайлы несие, инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау қажет. Осы бағытта арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар маңызды рөл атқарады. QazIndustry мәліметінше, Қазақстанда 18 арнайы экономикалық және 69 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың негізгі артықшылығы – кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынып, өндірісті іске қосу шығындарын азайтуға мүмкіндік беруі. Заңнамада белгіленген талаптарды орындаған инвесторлар салықтық жеңілдіктерді де пайдалана алады.
Шағын және орта бизнеске "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының құралдары қолжетімді. Қордың 2026 жылғы 31 тамыздағы дерегіне сәйкес, кепілдік беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы жалпы сомасы 17,175 трлн теңгені құрайтын жобалар қолдау тапқан. Мәселен, "Іскер аймақ" бағдарламасы аясында микро және шағын кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Қор несие сыйақысының белгілі бір бөлігін субсидиялайды.
Мемлекет ірі инвесторларға да бірқатар мүмкіндік ұсынып отыр. Атап айтқанда, инвестициялық келісімдер арқылы салықтық жеңілдіктер мен заңнама тұрақтылығының кепілдіктерін алуға болады. Бұл ұзақ мерзімді жобаларды жоспарлайтын инвесторлар үшін маңызды. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаты тұжырымдамасында алты жыл ішінде негізгі капиталға кемінде 270 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Сондай-ақ, тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын кемінде 100 млрд долларға жеткізу міндеті қойылған.
Десе де, инвестиция көлемінің өсуі экономиканың әртараптанғанын бірден білдірмейді. Ең маңыздысы – тартылған қаражаттың нақты нәтижесі. Жаңа зауыттар ашылды ма, импортқа тәуелділік азайды ма, отандық өнімнің экспорты артты ма, өңірлерде тұрақты жұмыс орындары құрылды ма? Инвестициялық саясаттың тиімділігін осы көрсеткіштер арқылы бағалау қажет.
Қазақстан үшін шетелдік инвесторларды тартумен қатар, отандық кәсіпкерлердің өндіріс ашуына жағдай жасау да маңызды. Себебі шағын және орта бизнес ірі кәсіпорындарға қажетті бөлшектерді, шикізатты, қаптамаларды және қызметтерді ұсына алады. Осылайша өндірістік тізбек қалыптасып, экономикалық табыстың ел ішінде қалуына мүмкіндік туады.
Түптеп келгенде, Қазақстан үшін инвестиция тартудың басты мақсаты қаржы көлемін көбейту емес, экономиканың құрылымын өзгерту болуы керек. Мұнай мен металдан бөлек табыс әкелетін салалар көбейіп, қазақстандық кәсіпорындар бәсекеге қабілетті дайын өнім шығарып, оны сыртқы нарыққа тұрақты жеткізе алғанда ғана экономиканы әртараптандыру нақты нәтижесін береді.
Инвестиция тарту мен экономиканы әртараптандыру бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, олардың нәтижесі нақты өндіріс көлемінен көрінуі керек. Бұл ретте мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге қолжетімді болып, инвесторлардың құқықтары мен мүдделері нақты қорғалуы маңызды. Сондай-ақ, жаңа жобалар ірі қалалармен шектелмей, өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етуі қажет. Сонда ғана тартылған инвестиция ел экономикасының шикізатқа тәуелділігін азайтып, ұзақ мерзімді өсімнің берік негізіне айналады.