Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевты әріптестері еске алды

333

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алу жиыны өтті.  

Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевты әріптестері еске алды Фото: gov.kz

Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, вице-министрлер, комитет төрағалары, сала ардагерлері және ведомствоның қызметкерлері қатысты.

Жиынға қатысушылар көрнекті саясаткерді еске ала отырып, Б.Сапарбаевпен бірлесе жұмыс жасаған кездегі жетістіктері, оның адами жеке қасиеттері мен жалпы еліміздің және өңірлердің экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.

"Бердібек Мәшбекұлы тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолында өлшеусіз және сүбелі үлес қосқан қайраткер тұлға еді. Ол өзінің адами қарапайымдылығы мен емен-жарқын ашықтығы арқасында ел ішіндегі беделді ақсақалдар алдында да, қарамағындағы мамандар арасында да зор құрметке ие болды. Күн тәртібіндегі кез келген мәселенің ұтымды шешімдерін ойластыра отырып, қоғамдағы түрлі санаттағы өкілдермен ортақ тіл табыса алатын. Сол арқылы еліміздегі әлеуметтік-еңбек саласындағы жоспарларды халыққа тиімді етіп құрып, көптеген қызметпен мемлекеттік көмектің шын мұқтаж адамдар үшін қолжетімді болуын қатаң қадағалады. Шын мәнісінде, әрбір мәселенің жай-жапсарын терең ұғынып, толыққанды түсіне алу және тыңғылықты білу қабілеті, тың және айрықша ойлау дәрежесі, сондай-ақ айналасындағы адамдарға құрметпен қарайтын көзқарасы оның көшбасшылық қасиетін анықтады", – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Әр жылдары Бердібек Сапарбаев түрлі мемлекеттік және саяси лауазымдарды атқарды, оның ішінде егеменді ел тарихындағы республиканың 5 өңірін басқарған бірден бір әкім. Бұдан басқа екі рет ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болуы Б.Сапарбаевтың нағыз елжанды қайраткер екенін танытады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу