Үкіметтің МӘМС жүйесі мен жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты жүргізіп жатқан өзгерістерін бір қағида біріктіреді – мемлекет формалды көрсеткіштер үшін емес, нақты көрсетілген қызметтер мен нақты нәтижелер үшін ақы төлеуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау саласында бұл превентивті бақылауға, қаржыландыруды цифрлық басқаруға және пациент үшін ашықтықты арттыруға көшуді білдіреді. Білім беру саласында бұл контингентті автоматты түрде тексеруді, қолмен есептеуден бас тартуды және мемлекеттік тапсырысты білім беру қызметтерінің нақты көрсетілуіне байланыстыруды білдіреді.
Осылайша, цифрландыру өз алдына мақсат емес, бюджет қаражатының қайтарымын арттыру құралына айналып отыр. Негізсіз шығындарды ерте анықтау шығындардың алдын алуға және босатылған ресурстарды шынымен қажетті мемлекеттік қызметтерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Енгізілген тетіктерді кеңейту жұмысы одан әрі жалғасады. Олардың тиімділігінің басты өлшемі – азаматтар үшін нақты нәтиже: пациент үшін – қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек, оқушы үшін – қауіпсіз жағдай мен сапалы білім, ал мемлекет үшін – бюджет қаражатының ашық әрі ұтымды пайдаланылуы.