"Мемлекет үй берген, әлеуметтік көмек тағайындаған": Дәретхана еденінде ұйықтаған балалардың отбасы жайлы шындық ашылды

Бұған дейін отандық БАҚ-тарда қоғамдық әжетханада балалардың ұйықтап жатқаны, ал кассирдің оқиға кезінде мас болғаны туралы адам шошырлық ақпарат тараған еді. 

"Мемлекет үй берген, әлеуметтік көмек тағайындаған": Дәретхана еденінде ұйықтаған балалардың отбасы жайлы шындық ашылды Фото: lada.kz

Аталған жайтқа байланысты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа деректерді жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әкімдік қызметкерлері балаларды мұндай жағдайға жеткізген отбасының тұрмыс-тіршілігін тексеруге белсене кіріскен. Тексеру барысында олар туралы жаңа деректерге қол жеткізіп отыр.

4 тамыз күні әкімшілік мамандары оқиға орнына барған, бірқатар жағдайды анықтаған.

– Балалардың анасы – жалғызбасты. Жетім ретінде кезекте тұрып, мемлекеттен баспана алған. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Әжесі дәл сол қоғамдық дәретханада ресми түрде кассир болып жұмыс істейді. Анасы бірнеше күн бұрын балаларын әжесіне қалдырғаны белгілі болды, – делінген хабарламада. 

Әкімдіктегілер балалардың анасы тіркелген үйге де бас сұққан. Ол үйдегі жағдай мүлдем адам төзгісіз екен. Ешқандай санитарлық талап сақталмаған, есіктері қираған. Балалар бұл уақытта тәтесінің үйінде болыпты, еске салайық тәтесі де жетім ретінде мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтерге қол жеткізген. 

Қамқоршылық органдары отбасыға тексеріс жүргізген, түсіндіру жұмыстарын да өткізген. Балалар апта соңына дейін анасының қарауына уақытша беріліп отыр, басты себеп – анасының ресми мәлімдемесі. Егер жағдай өзгермесе, балалар анасынан заң жүзінде алынатын болады. 

Әкімдіктің мәліметінше, мемлекет бұл отбасыға барлық қажетті көмекті көрсеткен. Баспана берген, әлеуметтік төлемдер тағайындалған. Негізгі қызметтерге қол жеткізу де қамтамасыз етіліп отыр. Десе де, жағдай мүлдем басқаша бағыт алған. Ақтау әкімдігі мәселені назардан тыс қалдырмауға сендірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу