Сондай-ақ жас ғалымдардың шетелде тәжірибе жинақтауына жағдай жасалып, халықаралық ғылыми байланыстар кеңеюде. Бұл ретте сала мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары да қолға алынған. Мұның бәрі жастардың ғылымға келуіне және ғылыми жұмыспен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ғылымның қоғам дамуы мен экономиканың өркендеуіндегі рөлі ерекше екені белгілі. Өйткені мемлекеттің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі ғылымды дамытуға, инновацияларды енгізуге және жасанды интеллект сияқты озық технологияларды игеруге тікелей байланысты.
"Кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, "ғылым-білім бар жұрттар" ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде.
Биыл Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау аясында 10 жас ғалымға Алматы мен Астанадан пәтер кілтін табыстады. Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Қазірге дейін 722 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар олар үшін арнайы гранттар бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік көзделген.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл сайын докторантураға бөлінетін мемлекеттік грант саны артып келеді. 2025-2026 оқу жылына 2919 грант, ал өндіріс пен ғылымды байланыстыратын индустриялық PhD бағдарламасы аясында тағы 110 грант бөлінген. Жас зерттеушілерге арналған "Жас ғалым" бағдарламасы да жалғасып отыр. Оның аясында жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми жобаларына гранттар беріліп отырады. Сонымен қатар ғылымда жетістікке жеткен зерттеушілерді ынталандыру үшін "Үздік жас ғалым" сыйлығы тағайындалған.
Елімізде жас ғалымдардың тәжірибе жинақтауына да мүмкіндік жасалып отыр. "250 ғылыми тағылымдама" бағдарламасы арқылы отандық зерттеушілер әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында білім алып, тәжірибе алмасуда. 2021-2025 жылдары шетелдік тағылымдамаларға 1543 қазақстандық ғалым жіберілсе, олардың негізгі бөлігі – ғылымға қадам басқандар.
Сала мамандарын әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап докторанттарды даярлауға бөлінетін қаржы орта есеппен 17 пайызға артқаны белгілі болды. Бұл шаралардың бәрі де елдегі ғылымды дамытуға, жас зерттеушілерге қолдау көрсетуге және ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған.