Мемлекет жүгенсіздікке ешқашан жол бермейді – Президент

473

Мемлекет басшысы ел ішіндегі тәртіпке әр азамат жауапты деген пікірде. 

Мемлекет жүгенсіздікке ешқашан жол бермейді – Президент Фото: akorda.kz

Заңға қайшы келетін кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тағы бір маңызды құндылық бұл – заң және тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азаматтар, барлық  жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек", - деді Тоқаев. 

Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады, деп жалғастырды ол. 

"Біз "жасампаз плюрализмді толық  қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз" деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз. Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті  қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта", - деп атап өтті Президент.

Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі –  азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері. 

"Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар. Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады", - деді Мемлекет басшыссы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу