Құжатқа ТМД-ға мүше мемлекеттерарасындағы стандарттау жөніндегі құжаттарды таратудың бірыңғай қағидасын қалыптастыру міндеті жүктелген, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.
"Біріншіден, стандарттарды таратуға әр елде тек бір ұйым ғана құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе уәкілеттік берген ұйым болуы мүмкін. Тәуелсіз МемлекеттерДостастығының кейбір елдерінде стандарттарды таратуға құқылы әртүрлі ұйымдар бар. Бізде бұл мәселе шешілді. Екі жыл бұрын күшіне еңгізілген "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасының заңы бойынша бұл құқық Қазақстан метрология және стандарттау институтына берілді. Екінші мәселе - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғауды заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету. Біздің ұлттық заңнамамыз мұндай фактілерді анықтау іс-шараларын қарастырмайды. Осыған байланысты, біз стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл енгізу бойынша ұсыныс әзірледік", - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Министрдің мәлімдеуінше, ұсыныстар Әкімшілік кодекске өзгерістердің орталықтандырылған пакетін қалыптастыру кезінде есепке алу үшін Әділет министрлігіне жолданды.
"Өзара іс-қимылды үйлестіру стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандырылып жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл мемлекетаралық стандарттарды орталықтандырылған есепке алумен оларды пайдаланудың заңдылығы мен қажеттілігін қамтамасыз етеді", - деді Бақыт Сұлтанов.
Біле жүріңіз, келісімді ратификациялау мемлекет үшін - мемлекетаралық стандарттарды заңды тарату және осы заманға бейімдеу үшін құқықтық негіз жасайды; бизнес үшін - шығындарды азайтады.
"Жалпы алғанда, Келісімнің қабылдануы тауарлардың еркін қозғалысына және халықаралық сауда желісіне ықпалдасуға жағдай жасайды", - деді министр
Қанат Махамбет