"Қазатомөнеркәсіп" топ-менеджері бонус алу үшін уранды төмен бағамен сатқан

135

Күдікті 4 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

"Қазатомөнеркәсіп" топ-менеджері бонус алу үшін уранды төмен бағамен сатқан Фото: kazatomprom

Астанада "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының коммерция жөніндегі бас директоры Б.-ға қатысты сот үкімі шықты. Ол Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бабы бойынша айыпталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2021 жылы Б. екі айлық келісімшарт жасау мерзімі өтіп кеткеннен кейін уранды төмендетілген бағамен сату жөнінде үш қысқамерзімді келісімшарт жасасқан. Бұл әрекеттері мемлекетке аса ірі көлемде жалпы сомасы 16,5 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

"2021-2022 жылдары төмен нарықтық құны бойынша уранды сату арқылы 10 шарт жасасып, шарттар жасалған күні уранның құны офертаны жіберу кезіндегі белгіленген бағаның орташа мәнінен төмен болып, мемлекетке жалпы сомасы 3,6 млрд теңге аса ірі мөлшерде залал келтірген", - деп хабарлады Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Нәтижесінде Б. бұл 13 келісімшарт бойынша жалпы сомасы 9 миллион теңге көлемінде бонус түрінде сыйақы алған.

"Б. төрт жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленеді. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес, сотталған азаматты "Ерен еңбегі үшін" медалінен айыру туралы ұсыныс Президентке жолданды", - деп хабарлады сот.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу