Мемлекеттен көмек алған банктер 700 млрд теңгеден астам қаражатты қайтарды

86

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Мемлекеттен көмек алған банктер 700 млрд теңгеден астам қаражатты қайтарды Фото: Владислав Воднев

Қазақстанның бірқатар екінші деңгейлі банктері бұған дейін мемлекеттен қолдау ретінде алған қаражаттарын белсенді түрде өтеп жатыр. 

Оның сөзінше, соңғы екі жыл ішінде банктер мемлекетке 700 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарып берген.

– Соңғы 1–2 жылда Halyk Bank 250 млрд теңгені өтеді. RBK Bank толықтай өз міндеттемесін жапты: кеше 178 млрд теңгені қайтарып, мәміле аяқталды. Биыл банк жалпы 230 млрд теңге қайтарды. Nurbank шағын банк болғандықтан алған көмектің көлемі де аз болды – 4,5 млрд теңгені қайтарды. Alatau City Bank өткен жылы 100 млрд, биыл 150 млрд теңге өтеді. ЦентрКредит банкі 60 млрд теңгені толық қайтарды, – деді Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы қазіргі уақытта мемлекеттік көмектің қалдығы бірнеше қаржы институтында тұрғанын атап өтті.

– Бүгінде Nurbank мемлекет алдындағы қалған міндеттемелерін кезең-кезеңімен өтеуде. Бұл — шағын банк, айналымы да үлкен емес. Сондай-ақ Еуразиялық банк пен Alatau City Bank бойынша да мемлекеттік көмектің қалдығы бар, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу