Биыл 50 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер МӘСҚ-дегі өтілі және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде болады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен берілетін төлем жұмыстан қандай себеппен босатылғаныңызға қарамайды. Жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны қолдауға арналады.
Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін:
- eGov.kz порталында тіркелу;
- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
- онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен ХЖҚО қызметкері хабарласады).
Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-дан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.