3,3 млрд теңге қалпына келтірілуі тиіс қаржының 1 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2025 жылдың І тоқсанында 24 нысанда 4 аудиторлық іс-шара аяқталды. 5,9 трлн теңге қамтылды. 355 млрд теңгеге заң бұзу анықталды. Оның ішінде: 3,3 млрд теңге қаржылық заң бұзу, 287,6 млрд теңге мемлекет қаражаты мен ресурстарын тиімсіз пайдалану, 64,6 млрд теңге жоспарлау кемшіліктері", – делінген хабарламада.
Үкіметке 32 ұсыным жолданып, аудит объектілеріне 159 тапсырма берілді. Олар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.
Жалпы 2025 жылы шамамен 30 аудиторлық іс-шараны аяқтау жоспарланған.
"Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудитте стратегиялық және тәуекелге бағдарланған тәсілді нығайту тәжірибесін жалғастырады. 2024 жылдың қорытындылары көрсеткендей, сапалы бақылау – бұл тек міндетті қадағалаумен шектелмейтін, сонымен қатар бюджетке қаражатты қайтарудың, бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамның мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттырудың тиімді механизмі", – делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.