Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың іргетасы отырған

797

Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың іргетасы отырған

Алматыда бір топ тұрғын үйлерінің құлау алдында тұрғанын айтып дабыл қақты. Бұл жолы дауға себеп болған атышулы Алғабас емес, мемлекеттік бағдарламамен салынған басқа баспана. 6 қабатты нысанның жертөлесі жиі суға толып, ақыры іргетасы отырған деп хабарлайды КТК арнасы.

6 қабатты үйдің сырты да, іші де түтін. Іргетасынан бастап шатырына дейін кемшілігі көп. Жаңбыр жауса жертөлесі әпсәтте көлшікке айналады. Соның кесірінен үйдің іргетасы отырған дейді тұрғындар.

Жұрт мұнда көшіп келгенде-ақ қабырғаларда сызат пайда бола бастаған. Оған ешкім мән бермей жүргенде, жарық сәт сайын ұлғая беріпті. Соның кесірінен, үйдің сол жақ бөлігінің сау жері жоқ. Тіпті, қазір қабырғасы түгелдей опырылып құлаудың алдында тұр.

Жергілікті шенеуніктер мен құтқарушылар қауіпті енді түсінген сыңайлы. Тұрғындар талай шағымданғанда тырп етпеген олар кеше аяқасты келіп, маңайды қоршаған.

Сөйтсек, бұл ауладағы барлық үйдің қабырғасы қақырап тұр екен. Жұрт шенеуніктердің үйлерді қабылдап алғанда қай көзімен қарағанына ашулы.

Басқасын айтпағанда, осындай ұсақ-түйек кемшіліктің өзін қалпына келтіруге пәтер иелері кооперативі де құлықсыз екен. Бірақ, коммуналдық мекеме ерекше белсенді. Құрал-жабдығын асынған қызметкерлер құлағалы тұрған қабырғаны жөндеуге келіпті. Ал, іргетастан еш қауіп жоқ деп сендіріп отыр олар.

Құрылыс компаниясының жауабы да осыған саяды. Үйдің сапалы екенін айтып, өздеріне шаң жуытар емес. "Біздер тапсырғанда асфальт орнында жатты, бетон да. 10 жылда ондай-ондай болады.  Жабындыны қайта салып береміз",- дейді құрылыс компаниясының өкілі Мақсұт Қажығали.

Осылайша, қақыраған қабырғаны 2 күнде жөндеп беруге уәде етті. Әрі басқа қауіп жоқ, сондықтан жұрт емін-еркін тұра берсін деп отыр. Бірақ, бұдан тұрғындардың көңілдері орнына түскен жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу