"Мемлекет тарихы" институтының жетекші ғылыми қызметкері Сейтқали Дүйсен Абай ілімін мемлекеттік қызметкерлер мен бизнес өкілдеріне оқытпай, жемқорлықтан құтылу мүмкін емес деген пікір білдірді.
"Абайды мемлекеттік қызметкерлерге, ықпалды бизнес өкілдеріне қалай оқытамыз, қалай танытамыз? Ақшаларын шетелге аударып, ішіп-жеп қашатындар болмауы үшін не істеу керек? Мемлекеттік басқару академиясы бар. Жоғары эшалондағылардың бәрі содан оқып жатыр, сонда білімін жетілдіреді. Міне осыларға абайтану крусын кіргізу керек. Басқа пәндер де маңызды шығар, әуелі олардың сенімін дұрыс қалыптастыру керек. Абайды оқыған француз ғалымдары Абай философиясын өмір сүру философиясы деп атаған екен. Сондықтан да Абайдың философиясын танытуды жоғары билікте жүргендер мен бизнес өкілдерінен бастау керек. Қазір бір ауыз өлеңін жатқа оқып, Абайды таныдым деу сәнге айналды. Онымен Абайды танымайды, онымен Абайша өмір сүре алмайды. Сондықтан да Мемлекеттік басқару академиясында абайтану курсынан мемлекеттік комиссия кәдімгідей емтихан алуы керек. Ол бірақ компьютердегі тест болмауы керек. Ауызша емтихан алсақ, Абайдың идеяларын, ғимбарттарын мүмкін сонда түсінер", – деді ғалым.