Мемлекеттік басқару жүйесінде үкіметтің бірыңғай тұрақты тәсілдері жоқ - сенатор

432

Мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаға толыққанды қайта форматтау іс жүзінде болған жоқ.  

Мемлекеттік басқару жүйесінде үкіметтің бірыңғай тұрақты тәсілдері жоқ - сенатор Фото: inform.kz

Бұл туралы депутат Сүйіндік Алдашев Сенат отырысында айтты.

Сенатор 2021 жылы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың орнына ұлттық жобалар бекітілгенін еске салды.

"Сол кезде аталып өткендей, көлемді мемлекеттік бағдарламалар толық көлемде қаржыландырылатыны және қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа өзгерту бойынша нақты нәтижелер әкелетін қысқа мерзімді ұлттық жобаларға ауыстырылды. Бірақ мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаға толыққанды қайта форматтау іс жүзінде болған жоқ. Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша ұлттық жобалардың жетеуінің тиімділігі бүгінгі таңда төмен екені көрсетіліп отыр. Бұдан басқа Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізілуде. "Жайлы мектеп", "Қолжетімді интернет" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуды" қоспағанда, ұлттық жобалардың күшін жою жоспарланып отыр", - деді ол.

Енді мемлекеттік органдар қызметіндегі басқа құжат тиісті саланы дамыту тұжырымдамалары, даму жоспарлары болады, деп толықтырды сенатор.

Бұл ретте ол Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың да, ұлттық жобалардың да іске асырылуына толыққанды талдау жүргізілмегенін тілге тиек етті.

"Тиісінше бағдарламалардың нысаналы индикаторларына қол жеткізулерінің бағалауы жоқ. Көбінесе бағдарламалық құжаттар бойынша мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізілмей, оларды іске асыру мерзімдері аяқталғанға дейін күші жойылады. Олардың орнына жаңа бағдарламалар қабылданады. Алдыңғы бағдарламалардың индикаторлары жаңа құжаттарға енгізіледі. Мемлекеттік орган үшін қажетті бағытта түзетіледі. Бұл тиісті стратегиялық болжамның жоқтығын және мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жиі өзгеретін тәсілдерді көрсетеді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесінде үкіметтің бірыңғай тұрақты тәсілдері жоқ. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі тәсілдер неліктен жиі өзгереді? Ұлттық жобалар жеткілікті қаржыландырылса да, олардың индикаторларына қол жеткізудің төмен көрсеткіштері немен байланысты?", - деп сұрады Сүйіндік Алдашев.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз жауабында соңғы бірнеше жылдың ішінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі бірнеше рет өзгергенін айтты.

"Біз бұл мәселені білеміз. Оның негізгі себептері – жеке инвесторлардың қаражаты толығымен орындалмаған, себебі салалық органдар ұлттық жобаларды қалыптастырғанда көп санды берген, бірақ жеке инвесторлармен сол қаражат пысықталмаған. Нақты мәселелерді шешетін салалық жобалар қалыптастырылды. Оның ішінде "Қолжетімді интернет", "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" және "Жайлы мектеп". Болашақта жаңа салалық ұлттық жобалар қалыптастырылатын болады", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу