Дайын сертификаттарды талапкерлер Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтынан жүктей алады, деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
"Грантқа үміткерлер арасында балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болатын 20 мың талапкер, олардың ішінде "Алтын белгі" иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар",- деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, биыл әлеуметтік осал санаттағы балаларға бөлінген грант саны артқан. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер грант алуда басымдыққа ие болды. Сондай-ақ ауылдан шыққан жастар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ жастарына квота қарастырылған.
Жоғары оқу орындарына құжаттар 25 тамызға дейін тапсырылған болатын.
Конкурстық iрiктеудiң қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің ресми Telegram каналында және республикалық БАҚ беттерiнде жарияланды.
Фото: halyq-uni.kz