Қазақстанда мемлекеттік бюджетті жоспарлау электронды форматқа көшірілмек. Бұл туралы ҚР Қаржы-вице-министрі Руслан Еңсебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазір біз барлық бюджеттік процестерді өтпелі цифрландыру бойынша үлкен кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Айталық, әрбір кезеңде әрбір факті бойынша тікелей онлайн режімде "цифрлық іздер" бірден тіркеліп отырады және мәліметтер, есеп-қисаптар ашық дерекөздерінде, оның ішінде "Ашық бюджеттер" порталында автоматты түрде жарияланады", – деді вице-министр Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында.
Оның атап өтуінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік жоспарлау тиімділігін арттыру, бюджеттік жоспарлау ашықтығын қамтамасыз ету, кері байланысты тиімділігін жақсарту міндеттері шешілетін болады.
"Соңғы 2 жылда бюджеттік жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Биыл 2021-2023 жылдардың бюджетін жоспарлауды қағазсыз электронды түрде жүзеге асыруға ниеттеніп отырмыз. Бүгінде бұл жүйені Қаржы министрлігінің және өзге де мемлекеттік органдардың түрлі жүйелерімен ықпалдастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта "Ашық бюджеттер" порталымен мәліметтерді ықпалдастыру бойынша жұмыстар жасаудамыз. Онда бюджеттік өтінімдер, сонымен қатар бюджет жобасы автоматты түрде порталда жарияланатын болады", – деді Руслан Еңсебаев.
Айта кетейік, Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы, сондай-ақ "Ашық бюджеттер" порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.