Мемлекеттік бюджеттің 58 млрд теңгесі игерілмеді

786

Бұдан бөлек 7 млрд теңге үнемделді.  

Мемлекеттік бюджеттің 58 млрд теңгесі игерілмеді

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,1%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 6,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 65 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 58 млрд теңге", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты.

"Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлеуге берілетін шоттардың кеш ұсынылуы", – деп түсіндірді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 

Оның айтуынша жыл басынан бері бюджеттердің шығыстары 3,5 трлн теңгені құраған. 

"Атқарылмағаны – 61 млрд теңге. Биылғы жылы өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 933 млрд теңге бөлінген. Оның 98,2%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – үнемдеу, 13 млрд теңге игерілмеген", – деген министр қаржыны жоспарға сай жұмсамаған өңірлерді атады. 

"Бұл жағдай Нұр-Султан қаласында, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың ұсынылмауы, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі, төлеуге берілетін шоттардың қазынашылық органдарына кеш ұсынылуы", – деді министр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу