Министрдің сөзінше, соңғы уақытта ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар саны көбейген. Оларды құрдастарымен қатар оқыту үшін арнайы педагогтердің көмегі қажет.
"Мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады. Мұндай көмек алған балалар инклюзивті ортаға жақсы бейімделеді. Сонымен қатар, оқу материалын әлдеқайда оңай игереді. Ал кейбіреулері ерекше көмекке мұқтаждықтан толығымен арылады. Олармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және т.б. мамандар жұмыс істейді",– деп жазады министр.
Бірақ Асхат Аймағамбетов ерекше білім беретін арнайы орталықтардың жетіспейтінін айтады. "Уақытылы көмек болмағандықтан, бұл ерекшеліктерді түзету және баланы білім беру ортасына қосу қиынға соғып жатыр",– дейді министр.
Енді осы мәселені шешу үшін мемлекеттік емес ұйымдарға осындай орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берілмек.
"Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырған едік",– дейді Асхат Аймағамбетов.
Заң жобасы енді Сенатта қаралады, мақұлданса Президентке жіберіледі.