Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды мәжіліс аппаратының баспасөз қызметі.
Заң жобасы азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге бағытталған.
Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың уақытын үнемдеп, жұмыс сапасын күшейту.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ең бастысы – заң жобасы мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Нәтижесінде бұл мәселеде бүгінге дейін орын алып келген жүйесіздікке, ретсіздікке жол берілмейді.
Айта кетейік, осы заң жобасы арқылы 3 кодекске және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.