Бүгінде Түркістан облысындағы колледждерде жаңа мамандықтарды енгізу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, мемлекеттік гранттар нақты қажетті мамандықтарға бөлінеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өңірде еңбек нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп жатыр. 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінен ұсыныстар жиналған.
Аталған сұраныстарды нақтылау туралы тапсырма беріліп, бүгінге 100 мамандық бойынша 22 037 орынға қажеттілік анықталып отыр. 2024-2025 оқу жылына 15 500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуге жеткілікті қаржы қаралып отыр.
Алдағы оқу жылдарында Түркістан облысында бақ-саябақ шаруашылығы, жылыжай шаруашылығының операторы, ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандықтары ашылады. Одан бөлек, лифт шаруашылығы және эскалаторлар, ет және ет өнімдерін өндіру, хаус-мастер, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, теміржолдың вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету мамандықтары қосылады деп күтілуде.