Мемлекеттік кәсіпорындар тендер ойнатып, ақшасын төлемей жүр

555

Мемлекеттік сатып алу заңының осалдығынан құзырлы органдар кәсіпкерлер құқығын қорғай алмай отыр.

Мемлекеттік кәсіпорындар тендер ойнатып, ақшасын төлемей жүр Фото: inbusiness.kz

Банкротқа ұшыраған мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар тендер арқылы қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің ақысын төлемей жүр. Салдарынан тапсырыс алған бизнес иелері пайда таппай, қып-қызыл шығынға батып отыр. Ал, мемлекеттік сатып алу туралы заң кәсіп иелерін қорғауға қауқарсыз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Абай мен Қызылорда облыстарындағы коммуналдық кәсіпорындар сот шешімімен банкрот деп танылып, заңның шектеулерінен міндетін орындай алмайтынын біле тұра, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жасаған. Олар көрсетілген қызметтер мен жеткізілген тауарлардың ақшасын отыз күннің ішінде төлеуі керек. Алайда қолды бір сілтеп отыр.

Жемқорлықтың нағыз көзіне айналған тендер заңы осымен бірнеше рет өзгерсе де, әлі жетілер емес. Лотты мемлекеттік органның өзі ұйымдастырып, қызмет көрсетушіні өзі таңдап, соңында заңға сәйкестігін де өзі бақылайды. "Атамекен" палатасындағылар Қаржы министрлігіне бұл мәселені талай мәрте айттық, деп отыр. 

Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алу порталына міндетін орындамайтын жосықсыз кәсіпорындардың тізімін шығарып қоюды да ұсынған. Бірақ, Қаржы министрлігі бұл бастамадан да бас тартыпты. Енді палата ақша төлеуден жалтарып жүрген басшылардың тізімін Антикорға жолдап, құқықтық баға беруді сұрап отыр. Айта кетейік, былтыр мемлекеттік сатып алу заңын белден басқан 7,5 мыңға жуық тұлғаға әкімшілік жаза қолданылып, олар 800 млн теңгедей айыппұл төледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу