Мемлекеттік кеңесші балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үйлестіруді тапсырды

92

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті.

Мемлекеттік кеңесші балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үйлестіруді тапсырды Фото: Ақорда

Басқосуға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жиында Астана және Алматы қалалары, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, балалар қауіпсіздігін қорғау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Ерлан Қарин балалар құқығы мен қауіпсіздігін қорғау ішкі саясат саласының басым бағыты әрі Мемлекет басшысының жіті назарындағы мәселе екенін еске салды.

Мемлекеттік кеңесші елімізде балалардың құқығын қорғау саласында заңнамалық және институционалдық негіздер қалыптасқанын атап өтті.

Сонымен қатар, "Қазақстан балалары" бағдарламасының жобасы аясында 100-ден астам іс-шарадан тұратын кешенді шаралар қарастырылып отырғанын жеткізді. Мұның барлығы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіруге бағытталған.

Ерлан Қарин Оқу-ағарту министрлігіне аталған бағыттағы жұмысты ұтымды үйлестіріп, бірлескен іс-қимыл шаралары мен тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

Өңірлер басшылығының қатысуымен мұндай жиындар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу