Мемлекеттік кеңесші ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сайлауды байқау жөніндегі басшысымен кездесті

634

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы сайлауды байқау үшін келген.  

Мемлекеттік кеңесші ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сайлауды байқау жөніндегі басшысымен кездесті Фото: akorda.kz

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин ЕҚЫҰ байқаушыларының қысқа мерзімді миссиясының басшысы Ирен Хараламбидеспен және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы Рейнхольд Лопаткамен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды саяси реформалардың шеңберінде сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер жайында айтты.

Қазақстандағы Парламент сайлауына дайындық және оны өткізу барысын толыққанды бақылау үшін барлық жағдай жасалған. Сайлау процесін ЕҚЫҰ-ның халықаралық байқаушыларының бақылап отырғаны оның ашық және жария өтіп жатқанын көрсетеді.

Өз кезегінде И.Хараламбидес пен Р.Лопатка Қазақстанның демократиялық даму жолына қолдау білдіретіндерін атап өтті. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының депутаттары елімізде қолға алынған реформалардың аясында іске асып жатқан барлық негізгі саяси институттардың жүйелі трансформациясын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын жеткізді.

Құрамында 80-ге жуық парламентші бар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы 19 наурыз күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқау үшін елімізге келді.

Бұл ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 1994 жылдан бері Қазақстандағы сайлауды байқауға келген он екінші миссиясы екенін атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу