Мемлекеттік кірістер органдары көрсеткіштерді қолдан жақсартқан

741

Артық төленген 30 млрд теңге негізсіз төмендетілген. 

Мемлекеттік кірістер органдары көрсеткіштерді қолдан жақсартқан Фото: inform.kz

Сенатта республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты баяндама жасады. 

Ол бюджетке артық салық төлеген кәсіпкерлерге ақшалары қайтарылатынын айтты. 

"Салықтық түсім құрылымында жүйені құраушы негізгі салықтың мөлшері азайып барады. Мен корпоративті табыс салығы (КТС) туралы айтып отырмын. Ол 30% қысқарды. Айтпақшы бұл көрсеткіш жағымсыз тенденция мен бизнестің ахуалынан хабар береді. Республикалық бюджетке салық түсімдерінің артық төлену мөлшері өткен жылдан қарағанда 170 млрд теңгеге төмендеді. Бұл әлі де айтарлықтай көп сома емес. Бұл – мемлекетке төленбеуге тиіс қаражат болатын! Мұның жартысы есепке алынып, бизнес өкілдеріне осы жылдың бірінші жартыжылдығында қайтарылады. Біз адал кәсіпкерлердің нәпақасын алып отырмыз", – деді Наталья Годунова.

Есеп комитеті төрағасының мәлімдеуінше, статистикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, БҚО, ШҚО және Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер органдары бизнес өкілдерінің артық төлеген салығының мөлшерін азайтып көрсеткен. 

"Есеп комитеті 8 салық төлеушінің артық төленді-ау деген салығы 30 млрд теңгеге негізсіз төмендетілгенін анықтады. Бұл шаруаны статистикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, БҚО мен ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер органдары атқарған. Бізге КТС-төлеу тәртібін қайта қарау қажет", – деді Наталья Годунова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу