Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева екінші деңгейлі банктерді мемлекеттік қолдауға шектеу енгізілетінін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бюджет қаражаты есебінен банктерге көмек көрсету мәселесі депутаттар мен қоғам тарапынан үнемі сынға ұшырайды. Бүгінгі таңда проблемалық банктерді реттеу тетіктері мемлекет қатысуын шектеу бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, жетілдіруді қажет етеді. Заң жобасы бойынша банктер қаржылық жағдайын өздігінен қалпына келтіруге тиіс. Банктің төлем қабілетсіздігін реттеу кезінде мемлекеттің араласуына шектеу енгізіліп отыр", – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, бұл бюджет қаражатын пайдалануды шектеуге мүмкіндік береді.
"Мемлекеттік қолдау жүйелік маңызы бар банкке ғана көрсетілетін болады. Бұл ретте көрсетілетін көмек мемлекетке банктердің арнайы жарналары есебінен қайтарылады. Бұдан басқа мемлекеттен көмек алған банктер тиісті қарызды толық өтемейінше, басшылар мен акционерлерге дивиденд немесе сыйақы төлеуге тыйым салынады", – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.