Мемлекеттік комиссия жұмыс істеуіне рұқсат берілетін мекемелер тізімін бекітті

1167

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына еліміздегі шағын кәсіпкерлік 44,9%-ы, орта бизнестің 26 %-ы тиесілі. Соңғы жылда ғана қос шаһарда жаңадан 1600 компания тіркелген. 

Мемлекеттік комиссия жұмыс істеуіне рұқсат берілетін мекемелер тізімін бекітті

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмысын жандандыратын шағын және орта кәсіпорындардың тізімі бекітілді. 20 сәуірден бастап қай мекемелерге қызмет көрсетуге рұқсат берілетіні мемлекеттік комиссия отырысында анықталды. 

"Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік комиссия биылғы 20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімін бекітті", – деп жазылған Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында. 
Нұр-Сұлтан қаласында жұмысына кірісетін мекемелер тізімінде: 
• өнеркәсіптік кәсіпорындар;
• құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;
• көлік, қоймалау салаларындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар;
• автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу;
• екінші деңгейлі банктер (сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистер алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді);
• қоғамдық тамақтану нысандары (тек өзімен алып кету және жеткізу қызметі бойынша сағат 22:00-ге дейін ұзартылады) бар.

Алматы қаласында қызмет көрсете бастайтын нысандар тізімі:
• өнеркәсіптік кәсіпорындар;
• құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, құрылыс материалдарының ірі көтерме базарлары;
• нотариустер алдын ала жазылу бойынша;
• тек бизнеске қызмет көрсету үшін ХҚКО бір бөлімшесі (Наурызбай ауданы, Шұғыла шағын ауданы, 347/1). 

Осылайша бизнес нысандар кезең-кезеңімен жұмысын жандандыра бастайды. Дегенмен, жұмыс істеуге рұқсат етілген мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Яғни, кей компанияларда жұмысшы саны шектелсе, өзгелерінде жұмыс уақыты қысқартылуы мүмкін.

Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына еліміздегі шағын кәсіпкерлік 44,9%-ы, орта бизнестің 26 %-ы тиесілі. Соңғы жылда ғана қос шаһарда жаңадан 1600 компания тіркелген.

"Үкімет басшысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдеріне тиісті шараларды қабылдап, жұмысы қайта жанданатын нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің сақталуына қатаң бақылау жасауды қамтамасыз етуді тапсырды", – деп жазылған Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу