Мемлекеттік қорға 135 мың тонна астық жеткізілді

132

Астықтың басым бөлігі Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан жеткізілді.

Мемлекеттік қорға 135 мың тонна астық жеткізілді Фото: АШМ

Биылғы өнімнің 135 мың тоннасы "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" акционерлік қоғамының мемлекеттік қорына жеткізілді. Бұл – 2026 жылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша келісілген астық көлемінің үштен біріне жуығы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нақтырақ айтқанда, 19 қазандағы мәліметке сәйкес, Қостанай облысының шаруалары 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысының диқандары 42,9 мың тонна, ал Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 10,8 мың тонна астық өткізген.

Мемлекеттік қорға тапсырылған астықтың 89 пайызы – үшінші сұрыпты бидай. Бұдан бөлек, шаруалар төртінші және бесінші сұрыпты бидай мен арпа да жеткізіп жатыр.

Биыл ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 31,9 млрд теңге бөлді. Бағдарламаның басты мақсаты – шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаражатты алдын ала беріп, күзгі өнімінің бір бөлігін өткізуге мүмкіндік жасау. Қаржылай қолдау алған шаруашылықтар күзде келісімшартта көзделген көлемде астық және майлы дақылдар жеткізеді.

Қыркүйек айының соңында Үкімет биылғы жылғы астықты сатып алу бағасын бекітті. Келісімшарт талаптарына сәйкес, бидай мен арпаны мемлекеттік қорға жеткізу 2026 жылғы 1 қарашаға дейін аяқталуы керек.

Форвардтық келісімшарттар аясында сатып алынған астық мемлекеттік резервті толықтыруға және жемшөп қорын қалыптастыруға жұмсалады. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы салаларының шикізатқа деген сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" акционерлік қоғамы басқарушы директоры Сағат Төлеудің айтуынша, астық қорын қалыптастыру кезінде ұн тарту кәсіпорындарының, мал шаруашылығы ұйымдары мен құс фабрикаларының қажеттілігі ескеріледі.

"Мемлекеттік астық қоры агроөнеркәсіптік кешеннің әртүрлі салаларындағы кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге арналған. Ұн тарту кәсіпорындарына азық-түлікке жарамды бидай қажет болса, мал шаруашылығы мен құс фабрикаларына жемшөптік астық керек. Сондықтан форвардтық бағдарлама аясында жеткізілетін астық көлемі осы қажеттіліктерге сай болуы маңызды. Қорды сапалы бидаймен толықтырумен қатар, жемшөптік астықтың да жеткілікті көлемде түсуіне назар аударамыз. Шаруалар келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындап, өнімді белгіленген мерзімде әрі талапқа сай сапада жеткізеді деп сенеміз", – деді Сағат Төлеу.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2022 жылдан бері ішкі нарықты қолжетімді жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы қор қалыптастырып келеді. Осы қор арқылы мал шаруашылығы кәсіпорындары мен құс фабрикалары қажетті шикізатты белгіленген бағамен сатып алады. Бұл мал мен құс өсіруге, ет өндіруге және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу