Мемлекеттік күзет қызметінің зейнеткерлеріне зейнетақы төлеу тәртібі өзгерді

113

Тиісті бұйрыққа Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Сәкен Исабеков 2026 жылғы 1 қазанда қол қойды.

Мемлекеттік күзет қызметінің зейнеткерлеріне зейнетақы төлеу тәртібі өзгерді Фото: akorda.kz

Қазақстанда Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі бекітілді. Жаңа нұсқаулықта ведомствоның зейнеткерлеріне және қайтыс болған зейнеткерлердің отбасыларына төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды рәсімдеу тәртібі де қамтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, зейнетақымен қамтамасыз ету жұмысын МКҚ-ның қаржылық қамтамасыз ету департаменті мен кадр бөлімшелері ұйымдастырады. Кадр бөлімшелері зейнетақы тағайындауға қажетті құжаттарды жинап, қызмет өтілін есептейді.

Зейнетақымен қамтамасыз ету тәртібі еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақыны тағайындауды, оның мөлшерін қайта есептеуді, төлемді уақытша тоқтатуды, қайта бастауды және толық тоқтатуды қамтиды. Сонымен қатар зейнеткерлер мен олардың зейнетақы істерінің есебін жүргізу, зейнеткерлік куәліктер беру және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленген.

Нұсқаулықта МКҚ-ның бұрынғы қызметкерлері мен әскери қызметшілері тұрғылықты жерін ауыстырған кезде зейнетақы төлемдерін жүргізу тәртібі де қарастырылған. Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін елдерден Қазақстанға немесе басқа жерге қоныс аударған жағдайларға да қатысты.

Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратын зейнетақы алушыларға төлем жасау тәртібі қамтылған.

Егер зейнетақы алушы әскери немесе арнаулы атақ, сыныптық шен беріле отырып, мемлекеттік қызметке қайта орналасса, еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы қызмет атқарған кезеңде тоқтатылады. Алайда резервтегі әскери қызмет бұл талаптан тыс қарастырылған.

Қызмет өтілі немесе ақшалай қамтылым мөлшері өзгерсе, зейнетақы көлемі қайта қаралуы мүмкін. Ал зейнеткер қызмет өтілін растайтын қосымша құжаттарды ұсынса, зейнетақы өтініш берілген күннен бастап қайта есептеледі.

Бұдан бөлек, бұйрықта МКҚ қызметкерлері мен әскери қызметшілері қатарынан шыққан зейнеткерлер қайтыс болған жағдайда жерлеуге берілетін біржолғы өтемақы мен отбасы мүшелеріне төленетін біржолғы жәрдемақыны тағайындау тәртібі белгіленген. Бұл төлемдерді алу үшін ведомствоның қаржылық қамтамасыз ету департаментіне өтініш пен ережеде көрсетілген қажетті құжаттарды тапсыру керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу