Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz
"Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 91 қызмет түрі комиссиялар шешімінің негізінде көрсетіледі. Оның ішінде бірқатар комиссиялардың қажеттілігі жоқ. Бұны өткізілген талдаудың нәтижесі көрсетіп отыр. Мысалы, әскери қызметте кейінге қалдыру туралы мәселе комиссиялық түрде шешіледі. Алайда кейінге қалдыру туралы негіздер заңда жазылған. Олар ресми құжаттармен расталады. Яғни бұл мәселелер талқылауды немесе ведомствоаралық келісуді қажет етпейді. Бұдан басқа 190-нан астам мемлекеттік қызмет келісу рәсімі арқылы көрсетіледі. Оның 113-і басқа мемлекеттік органдармен, 77-ге жуығы сарапшылармен келісуді талап етеді. Рұқсаттардың 17,6 пайызы алдын ала тексеру кезеңін қамтиды", - деп түсіндірді спикер.
Салауат Мүксімовтің сөзінше, уәкілетті орган олардың орындылығына тиісті сараптама беруі қажет.
"Себебі оның барлығы бюрократияға алып келетіні сөзсіз. Қызмет көрсетудің мерзімін негізсіз ұзартып отырады. Өз кезегінде 374 мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері мерзімді болып есептеледі. Бұлардың көбін, яғни қызмет алушыларды қолданылуы мерзімі өткеннен кейін қайтадан жаппай қызметке жүгінуге мәжбүрлемей, мерзімсіз форматқа ауыстыру қажет", - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.