Биыл алғаш рет "Б" корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау шаралары атқарылды. Оған 64,5 мың мемлекеттік қызметкер қатысты.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА хабарлады.
Бағалау қорытындысы бойынша қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің 10,8 пайызы "өте жақсы", 63,2 пайызы "жақсы" көрсеткішіне жете алды. Ал 26 пайызының жұмысы "қанағаттанарлық" деп бағаланды. Араларында "қанағаттанарлық емес" деген бағаны алғандар да бар.
Биылғы жылдың желтоқсанында "А" корпусының қызметшілерін бағалау жұмыстары жүргізілмекші. Бұл бағалаудың қорытындысы мемлекеттік қызметшілерді материалдық ынталандыруға тікелей әсер етпек.
Айта кетейік, биылдан бастап елімізде меритократия қағидалары мен ашық конкурс арқылы іріктеу негізінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істей бастады. Осының арқасында конкурстан тыс тағайындаулар мен ауысулар 25 есеге (5300-ден 226-ға дейін) азайып отыр.