Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде парақшалар ашуға рұқсат етілген, бірақ белгілі бір шектеулер бар.
Мемлекет басшысы халықпен тиімді және сапалы қарым-қатынас жасау үшін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерде белсенді болуының маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте оларға жеке парақшасын жүргізуінде бірқатар шектеулер бар.
"Әлеуметтік желілердегі парақшалардың мазмұнына қатысты азаматтарды арандатпауға және мемлекеттік органдарға деген сенімге нұқсан келтірмеуі тиіс тұстар бар. Мемлекеттік қызметшілерге қымбат көліктердің, сәнді ғимараттардың, мейрамханалардың және т.б. жанында, ойын-сауық орындарында түскен фотосуреттерін жариялауға тыйым салынады. Мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық қағидаларды ұстануы керек", - деп түсіндірді спикер.
Аталған шектеулерден басқа, Әдеп кодексіне сәйкес, олар мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін ақпаратты, тыйым салынған заттарды қолдану арқылы әдепсіз мінез-құлықты көрсететін фотосуреттерді жарияламауы және нақты діни ұстанымдарын көрсетпеуі тиіс.